ҚР Президенті Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдауы

Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің ұжымы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдауын тыңдады.

«Жастардың басым көпшілігі әсіре діншілдікті, әсіре ұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады»,- деді ол.

«Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады»,- деді ол.

«Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. Бұл нақыл сөзге Мемлекет басшысы ретінде қосарым: Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ. Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз. Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Біз бағдарымыздан айнымай, тек алға қадам басуымыз керек»,- деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қосымша ақпарат көздері